Халықаралық мейіргер күні қарсаңында Алматыда орта буын медицина қызметкерлері арасында кәсіби байқау өтіп отыр.
Өз мамандығы бойынша үздіктердің білімін, тәжірибесі мен дағдыларын алдыңғы қатарлы майталман медбикелер мен сала ардагерлері кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалайды.
«Сіздерге шығармашылық шабыт, жоғары мансап, білім тілеймін – бұл үшін бүгінде барлық жағдай бар. Сіз магистр, ғылым докторы бола аласыз, медицинаның түрлі саласын дамыта аласыз. Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мерейлі 50 жыл, бүгінде барлық назар МСАК-қа ауып отыр. Сондықтан да болар, Денсаулық сақтау министрлігінің байқауында «Үздік МСАК медбикесі» номинациясы қызылмен ерекшеленіп тұр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, кім жеңімпаз болатыны маңызды емес, тек жеңу емес, қатысу да маңызды. Бүгін сіздер үшін өз біліміңіз бен кәсіби дағдыларыңызды көрсетуге тамаша мүмкіндік туды. Биыл медбикелік істің негізін қалаған Флоренс Найтингейл үшін де мерейлі жыл, ол 200 жасқа толар еді. Дүниедегі керемет әрі бірегей мамандықтың дүниеге келуіне біз оған қарыздармыз. Бүгін медбике ісі саласында өзін-өзі жетілдіруге әрі өсуге барлық мүмкіндік бар», — деп атап өтті жарысқа қатысушылар алдында Алматы қаласы медбике ісін дамыту жөніндегі үйлестіруші Майя Абабкова.
Майя Александровна – сала ардагері, медбике ісінің мұғалімі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту салаларының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас медбике ісі жөніндегі маманы.
Бүгінгі жарыс Алматы қаласы Алмалы ауданындағы 12 медициналық ұйым арасында ұйымдастырылды. Бұл – талапкерлер үшін қалалық және республикалық турға дейінгі аралық кезең. Байқаудың қалалық кезеңінің қорытындысы 28 сәуірде белгілі болады. Жеңімпаздар Алматы қаласын республикалық деңгейде қорғайды.
«Құрметті медбикелер, фельдшерлер және акушерлер, сіздерді келе жатқан Халықаралық мейіргер күнімен құттықтаймын. Күнделікті еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін. Бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйесі мейіргерлердің мойнында, бұл кәсіби мерекені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілеуі кездейсоқ емес. Сіздерге кәсіби және мансаптық өсуді тілей отырып, мамандығыңыз сізге тек жағымды эмоциялар әкелсін деймін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деп тілегін білдірді Әсел Хамидулла, Алмалы ауданы медициналық ұйымдарының үйлестірушісі, Алматы қаласы №30 қалалық емхананың бас дәрігері.